ҚЗ  /  РУ  /  EN

«Қазақтың арыстары» атты тақырыптық кеш

Қабылдаңдар қазынаны біз берген,
Қиындықты көрмессіңдер біз көрген.
Бұл өмірде сақтау үшін сендерді,
Бабаларың үйде туып, түзде өлген...
М.Мақатаев


   18.05.2023 жылы «Арыстан» мамандандырылған лицейінің акт залында «Қазақтың арыстары» атты тақырыптық кеш өткізілді. Тақырыптық кештің мақсаты – өскелең жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, ұлттық рухани тұлғаларымызды дәріптеу, алаштың ардақты азаматтарының тарихи еңбектерін ұрпақ жадында жаңғырту.
   Біздер үшін Алаш арыстарының ісі, халық үшін еткен еңбегі, өз жандарын қазақ халқының тәуелсіздігі үшін құрбан етуі – тарихымыздың мәңгілік қаралы да жарқын беттері болып табылады.
   Сталиндік репрессияның құрбандары – Алашорда өкіметінің мүшелері, «Алаш» партиясының айбынды тұлғаларының және елі үшін ерен еңбек еткен қазақ тұлғаларының еңбектерін зерделеуге арналған бұл кеште
   «Оян, қазақ!» фильмінен алынған үзінді ұсынылып, Алашорда үкіметінің түгелге жуық мүшелері 4297 адам репрессияланғаны туралы, яғни сталиндік жүйе қазақ интеллигенциясын толық жоюды көздегені туралы айтылды.
   1925 жылы елімізді басқаруға келген Филипп Голощекин Қазақстанды «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Соның салдарынан ұлт зиялылары жаппай қуғындауға ұшырады. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды Қазақ елінен қуды, олардың көзін жоюды қолға алды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен республикадағы 40 миллионнан астам мал басы қырылды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында елімізде 4 миллионға жуық адам қайтыс болды. Сондықтан да біз тарихымыздың қайғылы жақтарын білуге тиіспіз. Осындай нәубет қайталанбау үшін тарихи санамызды оятып, сергек те батыл ұрпақ тәрбиелеуге міндеттіміз.
   Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік алған соң 31 мамыр – Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жарияланды. Сондықтан сол жазықсыз құрбандарды еске түсіріп, бір минут үнсіздік жарияланды.

   Қазағым, елім, жұртым деп жанып өткен алаш ардақтысы, қайсар ақын Міржақып Дулатұлының «Алаш ұраны» маршын 9 Гсынып лицеистері орындап, бірінші рет лицейде «Алаш ұраны» шырқалды. Топтың көркемдік жетекшісі – қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, «Қазақстан еңбек сіңірген мұғалімі» медалінің иегері Гулдария Ажикуловна Шоранованың маршты 9 Г сыныбына үйретудегі еңбегі ерекше, себебі баян мен барабан сүйемелдеуімен марш өте әсерлі шығып, көрермендерге сол жылдардың рухын сыйлады. Кеш барысында Алаш арыстарының өлеңдерінен үзінділер оқылды, «Айдаудағы арыстар» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Ж.А.Исабекованың дайындауымен сахналық қойылым қойылып, күрделі ғасырдың талқыға түскен тағдырларынан сахналық мәлімет берілді.
   Алаш арыстары түрлі ғылым саласымен айналысты, оқулықтар жазды, білім нәрін таратты, жалынды жырларымен жігер берді, сонымен қатар, олар тамаша әндер де шығарды, композитор да болды, яғни нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азаматтар еді. Сондықтан алаш арыстарының шығармалары экраннан презентация ретінде көрсетіліп, бейнеқойылымдар ойнатылды. «Бес арыс» әндер топтамасынан попурри тыңдалынды. Талантты жас күйші, 9-сынып лицеисі Ұзақбай Нурадил Дина Нүрпеисова апамыздың «Науаи» күйін орындап, орындау шеберлігімен кеш қонақтарын тәнті етті.
   «Қазақтың арыстары» атты кештің бір жаңалығы белгілі қазақ тұлғаларының шығармалары, еңбектері туралы викториналық сұрақтар ойнатылып, «Қалқан», «Найза», «Айбалта» топ құрамаларының лицеистері жарыста өз білімдерін сынады.
   11Б сыныбының үздік лицеистері Жамбулов Рауан мен Есболған Санжар өздерінің алаш арыстарына арналған жүрекжарды өлеңдерін оқып, тарихи тұлғаларымыз туралы ойларын өлеңмен өрнектеп жеткізді.
   Кеш соңында «Арыстан» мамандандырылған лицейінің бастығы, генерал-лейтенант Мұрат Жәлелұлы Майкеев осындай тақырыптың кештердің жас ұрпақ үшін тәрбиелік маңызына тоқталып, кешті үйымдастырушы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдеріне алғыс айтып, кештің белсенді қатысушыларын арнайы Дипломдармен, Алғыс хаттармен марапаттады.
   Шынайы тарихымызды терең білетін, оның ақтаңдақ беттерінен сабақ алатын, болашағымыздың қауіпсіздігін қорғайтын, еліміз үшін беріліп қызмет жасайтын Отанымыздың адал азаматтары барда алаш арыстарының ісі мәңгілік өшпейтініне осы кешіміз дәлел болып табылады.


Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, ф.ғ.к.
Жанар Тоқтарбайқызы Умерджанова