ҚЗ  /  РУ  /  EN

Талантты ақын Сәкен Сейфуллин

   «Арыстан» мамандандырылған лицейінде 27 қазан 2023 жылы қазақ тарихының қайталанбас тұлғаларына тағзым ету мақсатында Сәкен (Сәдуақас) Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы туралы тақырыптық іс-шара өткізілді. С.Сейфуллиннің қазіргі қазақ әдебиетінің негізін құраушы, талантты ақын және жазушы, қоғам, мемлекет қайраткері екендігі туралы, алғашқы Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы (1920-1925) (Премьер-Министр) қызметін атқарғандығы туралы қазақ, орыс тілдерінде шағын баяндамалар оқылып, лицеистер дауылпаз ақынның шығармашылығымен тереңірек таныстырылды.
   Сәкен Сейфуллин 1913 жылы Омбы педагогикалық семинариясында ақын Мағжан Жұмабаевпен бірге оқып,1914 жылы ол өзінің «Өткен күндер» атты өлеңдер жинағын жариялағаны, төңкеріске дейінгі және кейінгі шығармашылығы презентация арқылы көрсетілді. Лицеистерді ақынның Ақмола 4 маусымдағы 1918 жылы Ақмоладағы ақтар төңкерісінен соң тұтқындалып, 47 күн бойы атаман Анненковтың «өлім пойызынан» өтуі, Омбыда Колчак түрмесінен қашып, әрең туған ауылына жетуі ойландырды. Бұл туралы толық білгісі келетіндерге «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарын оқып шығу ұсынылды. Қазақстанда 1920 жылдан кейін кеңес өкіметінің жандануына көп үлес қосқан дауылпаз ақынның 1938 жылы «ұлтшыл буржуа» деген айыппен тұтқындалып, 1938 жылы 28 ақпанда Алматыда атылу парадоксы да лицеистерді бей-жай қалдырмады.

   Тарихқа тағзым ретінде өткізілген бұл әдеби тақырыптық іс-шараны 10- сынып лицеистері Шамильев Заур мен Тингишев Темирлан қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Жанар Тоқтарбайқызының бағыттауымен қазақ-орыс тілінде тартымды түрде жүргізіп, лицеистердің алғысына бөленді. Сәкеннің «Сыр сандық», «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы», «Сағындым» өлеңдерін лицейдің дарынды лицеистері –Тынгишев Темирлан, Шамильев Заур, Әкім Сахаб-Али және Нұрланұлы Асылхан – сәні мен сазына келтіріп жатқа оқып, өлеңнің құдіреті арқылы Сәкеннің нәзік лирик екендігін паш етті. Сонымен қатар, Сәкеннің «Бандыны қуған Хамит» повесінің желісімен түсірілген «Даладағы қуғын» көркем фильмінен үзінді қойылып, ХХ ғасырдың басындағы жағдайлармен лицеистер таныстырылды. Сәкеннің «Көкшетау», «Ақсақ киік», «Тау ішінде», «Біздің жақта» әндерінің бейнебаяндары қойылып, ақынның композитор әрі әнші болғандығы туралы айтылды. Тақырыптық кеш соңында кері байланыс ретінде Сәкен Сейфуллиннің шығармашылығына қатысты викториналық сұрақтарға 1,2,3-ротаның лицеистері қызыға жауап берді.
   Қазақтың тарихи тұлғаларының тарих пен мәдениет саласындағы қосқан үлестері туралы өткізілген «Сәкен Сейфуллин» атты іс-шараны Лицей бастығының тәрбие істері жөніндегі орынбасары полковник Қанатбек Ербосынович Бельгибеков ашса, тарихымызды білу, тарихи және мәдени қайраткерлерімізді құрметтеу, жақсы оқып, Отан қорғауға үлестерін қосу абыройлы іс екендігі туралы айтып, кеш жүргізушілеріне Лицей бастығы генерал-лейтенант Мұрат Жалелұлы Майкеев мырза алғысын білдірді. «Ер еңбегі ел есінде сақталады» деген – осы. Жас ұрпақты ерлік рухында тәрбиелеу, тарихи тұлғаларымыздың еңбектерін жаңғырту – біздің парызымыз. Сәкен Сейфуллин сияқты біртуар қазақтың сегіз қырлы, бір сырлы талантты тұлғаларының еңбектері осындай іс-шаралар арқылы жас ұрпақтың жадына сіңіріле береді. Елі мен жерінің тәуелсіздігі үшін күрескен, қиын кезеңнің тар жол, тайғақ кешуінен абыроймен өткен асыл азаматтың еңбегі ешқашан ұмытылмайды.