ҚЗ  /  РУ  /  EN

«Арыстан» мамандандырылған лицейіне қабылдау ережесі

   Осы ережелер Қазақстан Республикасының аймақтарында қолайлы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай кезінде толық көлемде қолданылады
(лицей сайтын қараңыз)

   Мамандандырылған лицейге (бұдан әрі – Лицей) оқуға түсу кезінде Қазақстан Республикасының 14 жасқа толған, жалпы білім беру мекемесінің 8-сыныбын ойдағыдай бітірген, денсаулық жағдайы бойынша жарамды, кәсіби-психологиялық іріктеу және дене шынықтыру даярлығы талаптарына сай келетін ер азаматтары (бұдан әрі - кандидаттар) қабылданады.
   Лицей интернат түрінде жұмыс істейді. Лицейде оқу мерзімі - жалпы білім беретін мектеп бағдарламасы бойынша 3 жыл (9-11-сыныптар). Лицеистерді оқыту және олардың Лицейде тұруы: орналасуы, тамақтануы және киім нысанымен қамтамасыз етілуі тегін түрде жүзеге асырылады. Лицейді бітіргеннен кейін түлектер орта білім туралы аттестат алады және Қорғаныс министрлігінің, басқа да күш құрылымдарының жоғары әскери оқу орындарына, сондай-ақ шетелдік әскери оқу орындарына,олардың кәсіби-психологиялық жарамдылығын, жалпы білім беру, әскери және дене шынықтыру даярлығының деңгейін, іскерлік және моральдық қасиеттерін, тәртібін, денсаулық жағдайын ескере отырып, жіберіледі.
   Кандидаттарды іріктеу рәсімі үш кезеңнен тұрады:
1 кезең – қыркүйек-сәуір
   Кандидаттың сауалнамасын толтыру және ұсынылған нысан бойынша мамандандырылған "Арыстан" лицейінің сайтына жіберу (Лицейге түсуге ниет білдірген үміткерлердің тізімін қалыптастыру үшін, ағымдағы жылға).
   Барлық ниет білдірушілер іріктеудің (тестілеудің) екінші кезеңіне қатысу үшін Лицейдің сайтында тіркелуі қажет.

2- кезең - сәуір-мамыр:
  • кешенді тестілеу бес пән бойынша (кандидаттың оқу (оқитын) тілінде) - математика, физика, орыс тілі, қазақ тілі, ағылшын тілі бойынша
(әр пән бойынша тест тапсырмаларының саны - 25; кешенді тестілеу нәтижелері
125 балдық шкала бойынша бағаланады; орындау уақыты - 3 сағат);
  • психологиялық тестілеу, оның ішінде IQ тесті;
  • Лицей басшылығымен қорытынды сұхбат.

9 (тоғызыншы) сыныптан кейін бос орындарға түсетін оқушылар үшін:
  • кешенді тестілеу бес пән бойынша (кандидаттың оқу (оқитын) тілінде) - математика, физика, қазақ тілі, орыс тілі, Қазақстан тарихы бойынша
(әр пән бойынша тест тапсырмаларының саны - 25; кешенді тестілеу нәтижелері
125 балдық шкала бойынша бағаланады; орындау уақыты - 3 сағат);
  • психологиялық тестілеу, оның ішінде IQ тесті;
  • Лицей басшылығымен қорытынды сұхбат.


   Тестілеу оқуға түсу жылының сәуір айында Қазақстан Республикасының барлық облыс орталықтарында аймақтардағы "Арыстан" мамандандырылған лицейіне оқуға түсу үшін іріктеуге қатысуға ниет білдірген кандидаттардың қажетті саны болған кезде өткізіледі.
   Облыстар бойынша тестілеуді өткізудің нақты күні, орны және уақыты Лицей сайтында оқуға түсетін жылдың наурыз айының соңында жоспар-кестеде ұсынылатын болады.
   Барлық ниет білдірушілердің Лицей сайтында тіркелуі қажет.
   Кандидаттың жеке оқу ісін жинақтау үшін құжаттарды жинауды (№1 қосымша) кандидаттарды іріктеудің үшінші соңғы кезеңіне шақыру (оқуға түсетін жылдың мамыр айының соңы-маусым айы) алынған жағдайда іріктеудің (тестілеудің) екінші кезеңінен кейін бастау қажет.

3-кезең - түпкілікті іріктеу (Лицейде тамыздың бірінші аптасында өткізіледі, құжаттарды қабылдау түсетін жылдың шілде айының соңғы аптасында):
I. медициналық куәландыру № 2 қосымша (тұрғылықты жері бойынша емханаларда медициналық тексеруден өту және медициналық құжаттарды жинау, іріктеудің үшінші кезеңіне 30(отыз) күн қалғанда басталуы қажет);
II. математика пәнінен жазбаша бақылау жұмысы (кандидаттың оқу (оқитын) тілінде);
III. физика пәні бойынша жазбаша бақылау жұмысы (кандидаттың оқу (оқитын) тілінде);
Оқу пәндері бойынша емтихан тапсыру сегізінші сынып оқу бағдарламасы негізінде жүргізіледі.
IV. дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтер № 3 қосымша (жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушыларына арналған нормативтерге сәйкес);
V. кәсіби-психологиялық іріктеу № 4 қосымша (кандидаттардың жеке-психологиялық ерекшеліктерін зерттеу);
VI. IQ деңгейіне тестілеу (кандидаттың деңгейі мен оқуға қабілеттілігін, танымдық үдерістерінің динамикасын, зияткерлік өнімділігін бағалау мақсатында арнайы тестілер негізінде жүргізіледі);
VII. эссе жазу (Лицейге оқуға түсу және оқуға түсу уәждемесін ашатын тақырыптарға, сондай-ақ еліміздің күш құрылымдарындағы болашақ кәсіби қызметіне байланысты жазылады);
VIII. шығармашылық қабілеттер байқауы (музыкалық, би, көркем өнер және т.б.).


Қосымша №1

   Кандидаттың жеке оқу ісі құжаттарының тізімі (Лицейдің қабылдау комиссиясына тапсыру қажет)

1. Ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) ұлын Лицейге қабылдау туралы өтініші (еркін нысанда). Өтініште Қорғаныс министрлігінің, басқа да күш құрылымдарының әскери оқу орындарына және шетелдік әскери оқу орындарына Лицейді бітіргеннен кейін одан әрі оқу үшін жіберуге кандидаттың ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) келісімі туралы айтылады. Кандидаттың ата-анасы қайтыс болған жағдайда қайтыс болуы туралы куәліктің және қамқоршылық туралы куәліктің (нотариус куәландырған) көшірмелері ұсынылады.
2. Қазақстан Республикасы азаматының (ата-анасының) жеке куәлігінің көшірмесі.
3. Кандидаттың Лицей бастығының атына Лицейде оқуға ниеті бар екендігі және Лицейді бітіргеннен кейін жоғары әскери оқу орнында оқуын жалғастыруға дайындығы туралы өтініші (еркін нысанда).
4. Кандидаттың өмірбаяны.
5. Нотариус куәландырған тууы туралы куәліктің көшірмесі.
6. Кандидаттың ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі).
7. Кандидаттың ата-анасының (олардың орнындағы адамдардың) жұмыс орнынан анықтама немесе еңбек биржасынан анықтама (жұмыс істемеген жағдайда).
8. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспекциядан анықтама (тұрғылықты жері бойынша алынады).
9. Көлемі 4, 5х6 см. фотосурет (бас киімсіз) - 4 дана.
10. Ата-анасының, жақын туыстарының (аға-інілері, әпке-қарындастары) сотталғандығының болуы (болмауы) туралы анықтама. ХҚКО (халыққа қызмет көрсету орталығынан) алу.
11. Қамқоршылардың (ата-анасы болмаған жағдайда) құқық белгілейтін құжаттары.
12. Ата-ананың біреуінің жоқтығын растайтын құжат (ажырасу туралы куәліктің көшірмесі, қайтыс болуы туралы куәліктің көшірмесі және т. б.).
   Құжаттар папкаға тігіліп ұсынылады. Кандидат Лицейдің қабылдау комиссиясына іріктеудің соңғы кезеңінде тууы туралы куәліктің түпнұсқасын, 8-сыныпқа арналған оқу жылының қорытындысы бойынша үлгерім табелін, мектептің жеке мөрімен куәландырылған сынып жетекшісі мен мектеп директорының қолы қойылған мінездемесін және зияткерлік, шығармашылық, спорттық, тағы да басқа жетістіктерін растайтын құжаттардың түпнұсқасын ұсынады.
13. Мәлімдеме (Заявление), "ТАЛҒАР АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ" МКК-сына, нұсқасы мында:  Мәлімдеме (12.4 kB)


Қосымша №2
   Медициналық куәландыру
(медициналық куәландыруға арналған құжаттар қабылдау комиссиясына барлық құжаттармен бірге шілде айының соңғы аптасында тапсырылады)
   Кандидаттардың тұрғылықты жері бойынша денсаулық сақтау мекемелерінен ұсынылған құжаттарын әскери-дәрігерлік комиссияның (бұдан әрі – ӘДК) мамандары зерделей отырып, медициналық куәландыруды жүзеге асырады.

Үміткерлер медициналық куәландыру басталғанға дейін ұсынады:
1. Психоневрологиялық диспансерден анықтама (тұрғылықты жері бойынша немесе ХҚКО-дан);
2. Тері-венерологиялық диспансерден анықтама (тұрғылықты жері бойынша);
3. Туберкулез диспансерінен анықтама (тұрғылықты жері бойынша немесе ХҚКО-дан);
4. Наркологиялық диспансерден анықтама (тұрғылықты жері бойынша немесе ХҚКО-дан);
5. Учаскелік терапевтен анықтама (тұрғылықты жері бойынша);
6. Инфекционист дәрігерден соңғы 12 айдағы анықтама (тұрғылықты жері бойынша);
7. Оқу орындарына түсу үшін № 075/У медициналық анықтама (тұрғылықты жері бойынша немесе ақылы медициналық орталықтарда);
8. Амбулаториялық пациенттің медициналық картасы (тұрғылықты жері бойынша амбулаторияда немесе емханада № 025/У формасы. Егер карта жоғалған болса, онда дәрігердің жеке мөрімен, мөртаңбасымен және емхананың елтаңбалы мөрімен жоғалғаны туралы анықтама;
9. Профилактикалық егу картасы (№063/у формасы, мектепте);
10. Баланың денсаулық паспорты (немесе бар болса, баланың жеке картасы, мектепте);
11. Жалпы қан анализі (егжей-тегжейлі, 10 күннен ерте емес). Мерезге Микрореакция
(10 күннен ерте емес);
12. Биохимиялық қан анализі: АЛТ, AСТ, билирубин, қант (10 күннен ерте емес);
13. Жалпы зәр анализі (10 күннен ерте емес);
14. ЭКГ тыныштықта және жүктемеден кейін;
15. Кеуде қуысы мүшелерін флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу (медициналық куәландыру күні бойынша үш айдан кеш емес);
16. Эхокардиография (жүрек ультрадыбыстық);
17. Параназальды синустың рентгенографиясы (сипаттамасымен);
18. Екі аяқтың рентгенографиясы жүктемемен, жалпақ табанға (сипаттамасымен);
19. Іш қуысы + бүйрек мүшелерінің ультрадыбыстық зерттеуі;
20. Адамның иммун тапшылығы вирусына (ВИЧ) қан анализі;
21. В және С гепатиттерінің маркерлеріне қан анализі;
22. Қан тобы және резус- факторы;
23. Гельминт жұмыртқасына нәжісті талдау (10 күннен ерте емес);
24. Лямблиядағы нәжісті талдау (10 күннен ерте емес);
25. Ауыл тұрғындары үшін бруцеллезге қан анализі (10 күннен ерте емес);
26. Көз дәрігерінің кеңесімен Рефрактометрия.

   Медициналық зерттеулердің нәтижелері Лицейде медициналық куәландырудың басталғанына дейін кемінде 30 (отыз) күн бұрын жүргізілуі тиіс.
   Кандидаттың денсаулық жағдайына қойылатын жалпы талаптар:
  • көздің көру өткірлігі 0,8 төмен емес, коррекциядан өткен жағдайда 1,5 Д-дан артық болмауы тиіс;
  • жалпақтабандылық артрозсыз, 2 дәрежеден аспауы тиіс;
  • туа біткен меңнің (қалдың) көлемі 10шаршы см- ден аспауы тиіс;
  • ішкі органдар мен жүйелерінде туа біткен ауытқулардың дамуы және созылмалы ауруларының болмауы тиіс.

Қосымша № 3
   Дене шынықтыру даярлығы бойынша нормативтер (жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушыларына арналған нормативтерге сәйкес).
1) Жалпы төзімділікті тексеру, 1000 метрге жүгіру:
  • өте жақсы - 3.40,
  • жақсы – 3.50,
  • қанағаттанарлық – 4.15.
2) Қол және иық белдеуі бұлшықеттерінің салыстырмалы күшін тексеру, тартылу:
  • өте жақсы - 11,
  • жақсы – 9,
  • қанағаттанарлық – 7.
3) Жылдамдық төзімділігін тексеру, 100 метрге жүгіру:
  • өте жақсы – 14,6;
  • жақсы – 15,0;
  • қанағаттанарлық – 15,6;

   Қосымша № 4
Кәсіби-психологиялық іріктеудің мазмұны
   Кәсіби-психологиялық іріктеу кандидаттардың жеке-психологиялық ерекшеліктерін, Лицейде табысты оқу және одан әрі әскери-кәсіптік қызмет үшін қажетті әскери-кәсіптік бағыттылығы мен уәждемесін зерделеу мақсатында жүргізіледі және оған психологиялық тестілеу, IQ тесті, эссе жазу, жеке әңгімелесу және бақылау кіреді.
   Кандидаттардың танымдық психологиялық үдерістерінің ерекшеліктерін, білім алу деңгейін, эмоциялық-ерік қасиеттерін, жүйке-психикалық орнықтылық деңгейін және басқа да кәсіби маңызды қасиеттерін анықтау мақсатында психологиялық тестілеу және IQ деңгейін зерделеу психологиялық және психофизиологиялық тексеруді қамтамасыз етеді. Ол формализацияланған әдістердің жиынтығы негізінде, сондай-ақ психологиялық жұмыстың аппараттық құралдарын қолдану арқылы жүзеге асырылады.
   Эссе жазу, іріктеудің алдыңғы және негізгі кезеңдерінде кандидаттарды бақылау, олармен жеке сұхбаттасу әлеуметтік-психологиялық зерттеуді қамтамасыз етеді. Жеке сұхбаттасу барысында кандидаттардың әскери-кәсіби бағыты, Лицейде оқуға деген ынтасы, мақсатшылдығы, қарым-қатынас деңгейі, коммуникативтілігі, ұйымдастырушылық қызметке бейімділігі, белсенділігі, жауапкершілігі, әлеуметтік көзқарасы, құндылық бағдарлары, тұлғааралық қатынастардың ерекшеліктері және басқа да мінез-құлық белгілері бағаланады.

   Кандидаттарға қойылатын негізгі кәсіби-психологиялық талаптар:
  • жоғары адамгершілік қасиеттері (борыш сезімі,, табандылық, беріктілік, адалдық, шынайылық, қоғамдық жұмысқа белсенділік);
  • Лицейде оқуға, одан әрі күш құрылымдарының әскери оқу орындарына түсуге және әскери-кәсіби қызметке тұрақты уәждеменің болуы;
  • жеке тәртіп пен еңбекқорлық, ішкі жинақылық пен ұйымшылдық, өзіне жүктелген міндеттерді дәл және уақытылы орындауға дайын болу;
  • Лицейде тұру және оқу барысында жеткілікті эмоционалды-еріктік және нейропсихикалық тұрақтылықтың болуы;
  • Лицей бағдарламасын меңгеру барысында оқуға қабілеттілігі мен жұмысқа қабілеттілігі, еңбекқорлық пен төзімділігінің жеткілікті болуы.
Кәсіптік-психологиялық іріктеу нәтижелері бойынша кандидаттың Лицейде оқуға жалпы кәсіптік жарамдылығын айқындайтын мынадай қорытындылар шығарылады:
  • бірінші кезекте ұсынылады;
  • ұсынылады;
  • шартты түрде ұсынылады;
  • ұсынылмайды.
   Кандидаттың оқуға жарамдылығы туралы қорытынды кандидаттарды Лицейге қабылдау туралы түпкілікті шешім қабылдайтын қабылдау комиссиясына ғана жеткізіледі.

   Кандидаттарды оқушылар құрамына қабылдау
   Кандидаттарды Лицей оқушыларының құрамына қабылдау үшін іріктеудің қорытынды кезеңінде алынған сынақ деректері негізінде байқау өткізіледі.
   Байқаудың шарттары Лицейдің күрделі және мазмұнды оқу бағдарламасын игеруге қабілетті және дайындығы жоғары кандидаттарды қабылдауды қамтамасыз етеді.
   Байқау өткізу кезінде көрсеткіштері бірдей болған жағдайда келесі кандидаттардың басым құқығы болады:
  • жалпы білім беретін пәндер бойынша соңғы екі жылдағы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен қатысушылары (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған);
  • ағымдағы жылғы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған);
  • жетім балалар, әлеуметтік жағдайлары төмен, сондай-ақ көп балалы отбасынан шыққан балалар.
   Байқаудың іріктеу қорытындысы Қабылдау комиссиясы отырысының хаттамасымен рәсімделеді. Іріктеудің соңғы кезеңінен өтпеген, сондай-ақ байқаудың нәтижесі бойынша Лицейге өтпеген кандидаттар қабылданбайды және бұрынғы тұрғылықты жеріне жіберіледі.
   25 тамызға дейін кандидаттың ата-анасы немесе заңды өкілі және Лицей бастығы арасында білім беру қызметтерін көрсету жөніндегі белгіленген үлгідегі келісімшарт жасалады.
   Бос орындар болған жағдайда (9-сынып оқушылары оқудан шығарылған жағдайда) кандидаттарды 10-сыныпқа оқуға іріктеу жұмысы (тура 9-сыныпқа қабылдаған сызба (схема) бойынша) жүргізіледі.


Алматы қаласынан Лицейге қалай жетуге болады:
   Қаланың "Саяхат" ауданынан (Райымбек-Пушкин көшелерінің қиылы) Бесқайнар ауылына баратын таксиге отырасыз.
   209, 210 автобустары жүреді.

Оқуға түсу жөнінде сұрақтарға:
a.nusipbekova@arystan.edu.kz
тел.: 8 (727) 3700520
сотовый тел.: 8-777-002-76-96


  Үміткердің Лицейге түсуге өтініш формасы (15 kB)