
2026 жылдың 24 сәуір күні «NNEF» Қоғамдық қорының филиалы «Арыстан» мамандандырылған лицейінде 15 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара – Лицей күні аталып өтті.
2011 жылдың 24 сәуірінде Лицейдің ресми ашылу салтанатында «Нұрсұлтан Назарбаев білім беру қоры» Қоғамдық қорының директоры, педагогика ғылымдарының докторы Динара Нұрсұлтанқызы Құлыбаева Лицей Туын табыстады. Бұл күн – білім ордасының тарихындағы айтулы әрі маңызды белес болып саналады.
15 жыл – табыс пен талпыныстың, білім мен биіктің жолы. Осы мерзім ішінде арыстандықтар білім мен тәрбиенің биік белестерін бағындырып, көптеген жетістіктерге қол жеткізді.
Мерекелік жиынға құрметті қонақтар, білім беру саласының өкілдері, ұстаздар, түлектер мен ата-аналар қатысты. Атап айтқанда: «NNEF» Қоғамдық қорының білім беру жетекшісі Көпжасарова Мария Рамазановна, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Академиясының басшысы ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры Мұқашев Ахат Ғаббасұлы.
Алғы құттықтау сөз «Арыстан» мамандандырылған Лицейінің бастығы генерал-лейтенант Майкеев Мұрат Жалеловичке берілді. Өз сөзінде генерал-лейтенант
М.Ж. Майкеев Тимур Асқарұлы Құлыбаевқа үнемі қамқорлығы мен қолдауы үшін алғысын білдірді. Қолдау мен қамқорлықтың арқасында «Арыстан» лицейінің техникалық инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтерілгені және үнемі жетілдіріліп отыратындығы туралы сөз қозғалды. Қазіргі уақытта Лицейде робототехника, ұшқышсыз авиация, киберқауіпсіздік зертханалары табысты жұмыс істейді. Сондай-ақ, Лицей басшысы «NNEF» Қоғамдық қорының директоры Мурзабекова Светлана Викторовнаға, оның ұжымына, «Халық» қайырымдылық қорына алғысын білдірді.
Лицей басшысы оқу орнының осы уақытқа дейінгі жетістіктерін атап өтіп, лицеистердің сапалы білім мен тәрбие алып жатқанын ерекше атап өтті. Оқу-тәрбие ісіне елеулі үлес қосқан ұстаздар мен қызметкерлерге алғысын білдірді. Сонымен қатар, Лицейдің алдағы даму бағыттары мен стратегиялық мақсаттарына тоқталып, әскери-патриоттық тәрбиені одан әрі жетілдірудің маңыздылығын жеткізді. Сөз соңында Лицейдің 15 жылдағы айтулы жетістіктеріне тоқталды.
Шара барысында қонақтар Лицей ұжымын мерейтоймен құттықтап, оқу орнының жетістіктеріне жоғары баға беріп, оның алдағы уақытта да ел болашағына қызмет ететін білікті мамандарды даярлай беретініне сенім білдірді.
«Арыстан» мамандандырылған лицейінің басты ерекшелігі – лицеистердің болашақта Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында қызмет ететін офицерлер ретінде қалыптасуына бағытталуы. Осыған орай Лицейде білім беру үдерісімен қатар, әскери-патриоттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлінеді. Жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік, жауапкершілік, тәртіп пен табандылық қасиеттерін қалыптастыру – оқу орны қызметінің басым бағыттарының бірі.
Мерекелік іс-шара барысында лицеистер өз өнерлерін ортаға салып, концерттік бағдарлама ұсынды. Оқушылардың патриоттық рухтағы әндері мен қойылымдары көрермендер тарапынан жоғары бағаланып, салтанатты шараның мазмұнын айқындай түсті.
Аталған мерейтой – «Арыстан» лицейінің өткен жолын саралап қана қоймай, оның болашақтағы даму бағыттарын айқындайтын маңызды кезең. Білім ордасы алдағы уақытта да ел қорғаны болатын, жоғары кәсіби деңгейдегі, болашақ отансүйгіш ұрпақты тәрбиелеу ісін табысты жалғастыра беретіні сөзсіз.