ҚЗ  /  РУ  /  EN

Денсаулық және Достық күні!

   Іле Алатауының көрікті бөктерінде орналасқан «Арыстан» мамандандырылған лицейінде 2022 жылдың 17 қыркүйегінде дәстүрлі «Денсаулық күні» өтті. Бұл шараға «Нұрсұлтан Назарбаев білім беру қоры» Қоғамдық қорының «Арыстан» мамандандырылған лицейі және Алматы қаласындағы халықаралық мектеп оқушылары қатысты.
   Күн салтанатты саптық тұрудан басталды. Шараны «Арыстан» мамандандырылған лицейінің бастығы, запастағы генерал-майор Тауланов Сәбит Сәуменұлы құттықтау сөзімен ашып, жас спортшыларға денсаулықпен қатар сергектік, сонымен қатар жарыстарда спорттық жеңістерге жетулеріне тілектестігін білдірді.

   Одан кейін шахмат, жүзу, волейбол, оқ ату бойынша мектепаралық жарыстар өтті. Лицейдің тәжірибелі ұстаздары ұйымдастырған «Оқ ату» сайысы спорттың ең қызықты түрлерінің бірі болды. Қатысушылар оқ ату нормаларын «жақсы» және «өте жақсы» дәрежемен орындады. Айта кететін жайт, командалар арасында үлкен достық орын алды және сол достықтың арқасында «Арыстан» Лицейінің командасы жарыстың барлық түрінен жеңіске жетті.

   «Денсаулық күні» бағдарламасының басым бөлігі Халықаралық Алматы мектебінің әр түрлі спорт түрлері мектепішілік жарыстарынан тұрды, сол себепті барлық оқушылар спорттық жарыстармен толыққанды қамтылды.
   Жарысқа қатысушылар Денсаулық күнінде дене шынықтыру дайындығын арттырып, батылдық, ептілік және күш-жігер көрсетті.
   Болып өткен «Денсаулық күні» барлығына сергектік пен жақсы көңіл-күй сыйлады және көптеген жарқын әсерлер қалдырды!