ҚЗ  /  РУ  /  EN

Алғашқы қоңырау - 2022-23

   2022 жылдың 1 қыркүйегінде «Арыстан» мамандандырылған лицейінде – әскери өмір салтына бейімделген оқу мекемесінде – Білім күніне арналған салтанатты шара өткізіліп, Алғашқы қоңырау соғылды. Салтанатты шара Лицейдің игі дәстүріне арналған Ту ұстаушы топ құрамының Лицей Туын ортаға алып шығуынан басталды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды. Жаңа оқу жылының басталуына орай Лицей Туын саптық плацтың тутұғырында көтеру рәсімі Лицей Гимнінің орындалуымен өткізілді.

   2022-2023 оқу жылының басталуымен өз шәкірттерін «Арыстан» мамандандырылған лицейінің бастығы, запастағы генерал-майор Сәбит Сауменұлы Тауланов құттықтады, сондай-ақ лицеистерге Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері қатарынан шақырылған тәлімгерлер, ата-аналар және қонақтар жылы лебіздерін білдірді.
   Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша лицеистерге жетістіктері үшін салтанатты түрде: «Үздік сынып», «Үздік взвод», «Үздік рота» марапаттары табыс етілді.
   2021 жылғы 1 қарашадан бастап 2022 жылғы 31 мамырға дейінгі кезеңде «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» "TEACHER OF THE YEAR" байқауын өткізді. «Арыстан» мамандандырылған лицейінің ұстаздарының ішінен математика пәнінің мұғалімі Кравец Ирина Ивановна осы байқаудың жеңімпазы атанды. Білім күніне арналған салтанатты жиында «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» Қоғамдық қорының ұлттық бағдарламалар үйлестірушісі Мария Рамазановна Көпжасарова байқау жеңімпазы мен қатысушыларына сертификаттар табыстады.
   Сонымен қатар, қонақтардың назарына «Тарих және заманауи Қазақстан», «Ұлы даланың – Ұлы тұлғалары» атты театрландырылған музыкалық композиция және Лицей ұстаздары мен лицеистердің дайындаған шығармашылық нөмірлері ұсынылды.
   «Арыстан» мамандандырылған лицейінің тәрбиеленушілерін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Десанттық-шабуылдау әскерлерінің өкілдері құттықтауға келді. 38-ші бригаданың шығармашылық ұжымының квартеті плацта «Десант» әнін орындады, ал десанттық-шабуылдау барлау ротасының сарбаздары өздерінің жауынгерлік және шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
   Білім күніне арналған жиынның соңында қонақтар мінберінің алдынан «Арыстан» мамандандырылған лицеистерінің толық құрамы салтанатты шерумен жүріп өтті. Бұл дәстүрлі және көркем әскери рәсім ұрпақтар жалғастығын көрсетеді. Бұл рәсім әр лицеистің жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатады.
   Салтанатты шарадан кейін оқу кабинеттерінде лицеистерімен сынып жетекшілері «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және отансүйгіштік» атты тақырыпта сынып сағаттарын өткізді.


Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Салимова Несіпкүл Төлегенқызы