ҚЗ  /  РУ  /  EN
  

Дауылпаз ақын – Махамбет

   Биыл XVIII ғасырдағы Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы азаттық қозғалыстың жарқын өкілі, қазақ халқының біртуар тұлғасы, от ауызды ақын, күйші Махамбет Өтемісұлының туғанына 220 жыл толып отыр. Азаттық үшін алысқан, елі үшін егескен арыстан бабамыз Махамбет Өтемісұлының қазақ әдебиетінде алатын орны ерекше. Рухы биік жырлары ақынның атадан туған аруақты ер екенін дәлелдей түседі.
   Дауылпаз ақынның мерейтойына орай қарашаның 18 жұлдызы күні «Арыстан» мамандандырылған лицейінің акт залында лицеистерге берер тағлымы мол ауқымды кеш өтті. Кешті лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шоранова Гүлдария Әжіғұлқызы ұйымдастырды. Кешке лицеистерден басқа лицей ұстаздары мен рота командирлері де қатысты.

   Жүргізушінің: «Махамбет! Махамбет... Білмеймін жел ме, сел ме, жыр да онымен бір тұлға теңдесер ме... Әділетсіз дүниенің қабырғасын, Махамбетше сөгер жан кездесер ме... «Дауылпаз ақын–Махамбет» атты кешіміз дауылды жылдардың жалынды жыршысы болған, дәулескер күйші Махамбет Өтемісұлына арналады деп бастаған сөзін Махамбет жырларын жалындата оқитын, батырларша киінген 11-сынып оқушылары жалғастыра жөнелді. Бұдан соң сахнада Махамбеттің өмірі мен Исатаймен бірігіп күрескен жауынгерлік жылдарын баяндайтын бейнебаяндар көрсетілді. Одан кейінгі кезекте Махамбеттің кім екенін отты сөзбен айтатын 9-сынып оқушылары сахнаға көтерілді. Олардың Махамбет туралы айтқан жалынды сөздері көрермендердің патриоттық рухын көтеріп тастады.
   Махамбет ақындығымен қоса мықты күйші, төкпе күйдің шебері. Ол Исатай өлгеннен кейін Байбақтының Жұмыр және Қылыш деген батырларымен кездесіп жолдас болады. Махамбеттің «Жұмыр, Қылыш» күйі сол кезеңде шыққан. Осыған орай күйді елімізге танымал «Ұлытау» тобының орындауымен қатар Махамбет басындағы қиындыққа орай түсірілген бейнебаян көрсетілді. Кеш соңын лицеистер Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін Махамбеттің жалынды жырына үн қоса отырып шырқады.
   Кеш қонағы болған Лицей басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары полковник Белгибеков Қанатбек Ербосынұлы кештің тәрбиелік мәнін айта отыра, лицеистерді Махамбет шығармаларымен сусындаған Отанымыздың батыр ұлдары болуға шақырды. Мән-мағынасы зор кеш «Қанжар жүзі сөз құдіретін тілмейді, дер кезінде ер қадірін білмейді, ал, Махамбет, мәңгі тірі, өлмейді»,– деген көркем сөздермен аяқталды. Болашақ әскери маман болатын жас жігіттер ата-бабаларымызды еске алуға лайық болып, олардың мұрасына құрметпен қарау керек екеніне көз жеткізді.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Шоранова Гүлдария Әжіғұлқызы